Түрмеде отырған марафоншы, белсенді, "Алға, Қазақстан!" партиясын тіркеу жөніндегі бастамашы топтың жетекшісі Марат Жыланбаев аштық жариялағаны хабарланды. 18 қарашада белсендімен адвокаты Мейіржан Досқараев кездескен. Адвокаттың айтуынша, марафоншы соттың өзіне қатысты шыққан шешіміне наразылық білдіріп, 13 қарашада мерзімсіз аштық акциясын бастаған.
Жыланбаев түрмедегі санитарлық жағдай нашар, тамақ дұрыс берілмейді және адвокаты мен достарына қоңырау шалуға мүмкіндік берілмейді деп те шағымданған.
Азаттық түрме әкімшілігінен бұл ақпаратты растай алмады. Ақмола облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №4 мекемесі комментарий бермеді. Азаттық мекемеге арнайы сауал жолдады.
Биыл 5 шілдеде Жыланбаевтың бұдан бұрынғы шағымдарына қатысты Азаттық сауалдарына жауап берген №4 түрме әкімшілігі белсендіге қысым болып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарған.
ҚАЖД Жыланбаевпен қадағалау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірнеше рет жолыққанын хабарлаған. Мекеме марафоншы жазасын өтеп жатқан жер барлық нормаға сәйкес келеді, онда бейнебақылау камералары күні-түні жұмыс істеп тұр деді.
Былтыр "экстремистік қызметті қаржыландырғаны" үшін және тыйым салынған "экстремистік" ұйымға "қатысы" болғаны үшін жеті жылға сотталған Жыланбаев қамауға алынғаннан бері брнеше рет аштық жариялап, сот шешіміне наразылық білдіріп келеді. 61 жастағы белсенді Ақмола облысы Степногорск кентіндегі №4 мекемеде отыр.
– Марат өзін [тіркелмеген] оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері болғаны үшін ғана заңсыз соттады деп санайды. Ол 15 қарашадан бері тәртіптік оқшаулау камерасында отыр, – деді адвокат Мейіржан Досқараев Азаттыққа.
Марат Жыланбаев түрмеде адам құқықтары бұзылды дегенді де жиі айтады.
Марат Жыланбаев "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен 2023 жылы қарашада 7 жылға сотталған. Ол сот тергеуі кезінде де, абақтыда өзіне тағылған айыптың "саяси астары" барын айтып келеді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Тамызда халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
ПІКІРЛЕР