Биыл күзде Украинадан қуанышты хабар аз болды. Ресей Украина шығысындағы елдімекендерді жаулап алуын үдетті. Мәскеудің кейінгі екі жарым жылдағы ең үлкен қарқыны осы күзде байқалды. Оның үстіне, Солтүстік Корея Ресейге көмек ретінде мыңдаған сарбазын жібергені мәлім болды.
Ал осы тұста Украинаға Ресейге қарсы соғысында ең ірі көмек беріп отырған АҚШ-та президент сайлауы өтіп, онда Вашингтон Украина тым көп қаражат бөліп отыр дейтін Дональд Трамп жеңіп шықты. Сайлау нәтижесі белгілі болған соң, АҚШ-тың Киевті қолдауы әлсіреп, Украина бейбітшілік үшін өз жерінен бас тартуға мәжбүр бола ма деген алаң күшейді. АҚШ-тың орнын толтыруы мүмкін деген Еуропа елдері Украинаға көмек көрсетуде қақ жарылып отыр.
Бірақ қазір Ресей шабуылы күшейген тұста қаһарлы қысқа қамданып жатқан Украина көптен сұрап жүрген өтінішіне оң жауап алғанға ұқсайды. Америкалық басылымдардың хабарына қарағанда, президент Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын АҚШ-тың ұзаққа ұшатын зымырандарымен атқылауға рұқсат беріп отыр.
"Бұл – Кремльге бағытталған белгі. Трамп келеді деп қол қусырып отырған жоқпыз, АҚШ берілейін деп тұрған жоқ деген белгі" – деді Азаттыққа АҚШ-тың отставкадағы генерал-лейтенанты Бен Ходжес. Ол 2014-2017 жылдары Еуропадағы АҚШ әскерлеріне жетекшілік еткен.
ЭСКАЛАЦИЯ ҚАУПІ
АҚШ-тың бұл қадамы Ұлыбритания мен Францияға осыған ұқсас шешім қабылдауға жол ашады. Майданда қиын жағдайға тап болған Украина енді Ресейге ауыр соққы жасай алады. Дәл қазір Украина Ресейдің Курск облысында басып алған жерлерін ұстап қалып, соны алдағы келіссөздерде өз пайдасына жаратқысы келеді.
Украина Байден әкімшілігінен Ресейдің ішкі аумағына шабуылдауға рұқсат беруді сұрап келе жатқанына көптеген ай болды. Киев Ресейдің бомбалаушы және жойғыш ұшақтары тұрақтаған аэродромдарға соққы жасауға мұқтаж екенін айтумен болды. Ресей осы ұшақтарының көмегімен Украинаны атқылап келген.
Биыл Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасап, Ресей Украинаға ай сайын 3 мың бомба тастап жатыр деді. Ұшу бағыты басқарылатын бұл бомбалар Украина күштерін қажытып, инфрақұрылым объектілерін қиратып, Мәскеуге Украина жерлерін басып алуға жол ашқан.
Соғыс басталғалы Украинаға қуатты қару беруде сақтық танытып келген Байден әкімшілігі Киевке Ресей аумағын АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат бермей қойған. Мұны Байден әкімшілігі Ресей одан да ауыр қадамдарға баруы мүмкін деген уәжбен негіздеген. Байден Ресей аумағын ұлыбританиялық Storm Shadow ракетасымен атқылауға да рұқсат бермеген. Storm Shadow Ұлыбританияның зымыраны болғанынмен, оны әзірлеуде АҚШ бөлшектері пайдаланылады.
Кейбір сарапшылар Байденнің шешіміне 5 қарашадағы президент сайлауы да әсер еткенін айтқан. Олардың сөзінше, Байден сайлаудағы қарсыласы Трамп Ресей аумағын атқылауға рұқсат берілуін соғыстың ұлғаюына әкелетін қадам деп сипаттап, үрей туғызуы мүмкін деп алаңдаған.
Баспасөз құралдары АҚШ Ресейдің ішкі аумағына шабуылдауға рұқсат берді деп хабарлағаннан бір күн бұрын Ресей Украинаға 210 зымыран мен дрон ұшырған. Бұл Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргелі ең ірі әуе шабуылдарының бірі болған.
Сондай-ақ Ақ үйдің бұл шешімі Ресей Курск облысындағы жерлерін қайтаруға 50 мың сарбаздан тұратын әскер жұмсағаны мәлім болғанда хабарланды. Бұл әскердің қатарында Солтүстік Корея жауынгерлері де бар.
Әскери сарапшылардың болжауынша, Путин Курск облысындағы жерлерді Трамп 20 қаңтарда президент қызметіне кіріскенге дейін қайтарып алып, келіссөздерде ұтымды жағдайда болуды көздейді.
АҚ ҮЙ ШЕШІМІНІҢ ЫҚТИМАЛ ӘСЕРІ
Ресей аумағын атқылауға рұқсат беру соғыс майданына қаншалықты ықпал ететіні Украинаға берілген зымырандар санына, оларды қолдану жөніндегі шектеулерге байланысты. Сол зымырандардың бірі – 300 шақырым радиусты қамтитын ATACMS ракетасы. Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын өзге де зымырандар берілген. New York Times және Washington Post газеттерінің жазуынша, әзірге тек Курск облысына шабуылдауға рұқсат.
Байден әкімшілігінің шешімі мәлім бола сала франциялық Le Figaro басылымы Ұлыбритания мен Франция да Украинаға Ресейді Storm Shadow және SCALP зымырандарымен атқылауға рұқсат бермек деп хабарлады. Бұл Украинаға Taurus ракеталарын бермей келген Германияға қысым болмақ.
ATACMS туралы көп жазған канадалық әскери сарапшы Колби Бадвардың айтуынша, 2023 жылғы желтоқсанда АҚШ-та ұзақ радиусты қамтитын 2400 зымыран болған және оның жартысының мерзімі өткен. Бадхвардың мәлімдеуіне қарағанда, былтыр АҚШ қоры 500-ден астам ATACMS ракетасымен толыққан. Бірақ Пентагон Украинаға бұл зымыранды ірі көлемде беруге құлықсыз дейді сарапшы.
АДАМ КҮШІНІҢ ЖЕТІСПЕУІ
Отставкадағы генерал-лейтенант Бен Ходжес Украина өзіне берілген мол зымыран қорымен Ресейдің Курск облысындағы қарымта шабуылының бетін қайтара алады деп мәлімдеді.
"Дәлдігі жоғары қаруыңыз болса, саны көп жауды штаб-пәтерін, тасымал жүйесін және артиллериясын жою арқылы жеңуге болады" деді ол.
Биыл АҚШ Украинаға Ресейді ATACMS ракетасымен атқылауға рұқсат беруі мүмкін деген қауесет тарағанда Мәскеу әскери активтерін аталған зымыранның радиусынан тыс жерлерге көшіре бастаған.
Бадвар ATACMS радиусы аумағында Ресейдің әскери активтері әлі де көп дейді.
Украина ATACMS зымырандарын тиімді пайдаланған күннің өзінде майдандағы негізгі мәселе шешіле қоймайды. Ол мәселені шешуге АҚШ пен НАТО да көмектесе алмайды. Украинаға әскер саны жетіспей жатыр.
Мобилизацияны кешеуілдеткен Украина әскер қатарын толықтыруға, оларды жаттықтыруға жанталасып жатыр. Бұл күш Ресей шабуылының бетін қайтару үшін ауадай қажет. Ресей күн сайын 1,5 мың жауынгерін жоғалтып, бұл көрсеткіш бойынша Украинадан асып түссе де, әскер қатарын толықтырудың жолын тауып отыр.
ПІКІРЛЕР