АҚШ пен Ұлыбритания санкциясына іліккен Ресей мен Иран азаматтары және компаниялары көбейе түсті. Бұл жолы санкция тізіміне Ресейдің әуе-ғарыш күштері, әскери-көлік авиация қолбасшылығы және 924-мемлекеттік ұшқышсыз авиация орталығы енді.
Ұлыбритания Ресей әскери-теңіз флотының жүк таситын "Скиф-В", "Мұса Жалил", "Бегей", "Балтық-111" және "Омбы-103" (санкция тізімінде соңғы екеуінің атауы қате көрсетілген – ред.) атты бес кемесіне санкция салды, АҚШ тізіміне де бірнеше азаматтық кеме енген.
Ислам революциясы сақшылары корпусы мен Иран армиясының жоғары шенді бірнеше офицері және елдің қорғаныс саласында істейтін компаниялары санкцияға ілікті. Ұлыбритания үкіметінің хабарламасында АҚШ та осыған ұқсас санкция салады делінген.
Ұлыбритания Иранмен әуе қатынасы туралы екіжақты келісім күшін жоймақ, бұл Iran Air әуе компаниясының Ұлыбританияға рейстер жіберу мүмкіндігін шектейді. Компания қазір Лондонға ұшып жүр. Иран әуе компаниясына Еуроодақ аумағында ұшуға шектеу қойылуы мүмкін.
АҚШ Iran Air-ді Америка азаматтары мен компанияларына онымен кез келген байланысқа тыйым салатын санкция тізіміне енгізді. Ресейлік "Трансморфлот" кеме қатынасы компаниясы да сол тізімге енді.
Американың санкция тізіміне Ресейдегі "Оля" теңіз портының бас директоры Жамалдин Пашаев та енді. Порт Еділ (Волга) сағасында, Еділ-Каспий каналының оң жағалауында орналасқан. Одан Ресей мен Иран арасындағы жүк тасымалы өтеді.
Бұл шектеулер Иран Ресейге Fath-360 зымыран кешендерін жеткізді деген хабардан соң енгізілді. Батыстың барлау қызметтері Мәскеу 200-ге жуық осындай зымыран алған деп хабарлады, қондырғы саны нақты айтылмаған.
ПІКІРЛЕР