Иран Ресейге Украинадағы соғыста қолдану үшін жақын радиусқа атылатын баллистикалық зымырындарын жіберді. Бұл туралы америкалық СNN арнасы барлау қызметіндегі екі дереккөзіне сілтеп хабарлады. Бұған дейін АҚШ пен Батыс елдеріндегі ресми дереккөздер Иранның Ресейге зымыран бергелі жатқанын хабарлаған. CNN арнасының жазуынша, ракета беру жөніндегі келісімді орындауға бір жылға жуық уақыт кеткен.
Зымырандар нақты қашан жеткізілгенін дөп басып айту қиын, бірақ бұл хабар орыс әскері Украинадағы әлеуметтік нысандарды жаппай атқылап жатқан тұста тарап отыр.
Қыстың қарсаңында Киев энергетикалық нысандарын жылыту маусымына әзірлеп жатыр. Ресей күн суығанда Украинаның электростанцияларын, трансформатор мен отын қоймаларын қарқынды түрде атқылайды.
Бұған дейін Иран Ресейге жүздеген дрон беріп, оларды Мәскеу Украинаға қарсы соғыста қолданған. Былтыр көктемде The Wall Street Journal газеті Ресейде Иранмен бірлескен дрон жасайтын зауыт салынып жатқанын хабарлады. Өндіріс орны шығаратын мыңдаған заманауи дрон Украинаға қарсы соғыста қолданылмақ.
Ресей мен Иранның жақын радиустағы нысананы атқылайтын зымырандар бойынша келісімі былтыр күзде басталған. Көп өтпей Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Иранға барып, елдің қару базасымен танысып қайтты.
G7 елдері биыл наурызда өткен саммитінде "Иран Ресейге зымыран берсе, Батыс Тегеранға қарсы жаңа шара қабылдайды" деп мәлімдеген.
Ресми Тегеран Мәскеуге қару беретіні жайлы хабарды жоққа шығарады. Иран билігі "соғыста екі тарапқа да әскери көмек көрсетпейтінін" айтып келеді.
ПІКІРЛЕР