Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылында жергілікті мектеп әкімшілігі мен бірнеше ата-ана арасында дау туған еді. Мектеп басшылығы сабаққа орамал тағып келген үш қыздан «хиджабтарын шешуді» талап еткен, ал ата-аналар «бұл талап заңсыз» деген.
Азаттық радиосы осы мәселеге орай бас прокуратура мен дін істері агенттігіне хат жазып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына түсінік беруді сұраған.
БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЖАУАБЫ
Бас прокуратура мен Сіздің мектеп оқушылары сабаққа бастарына орамал тағып келуіне тыйым салу мәселесі бөлігінде Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына түсінік беру туралы өтінішіңіз қаралды.
Аталған заңмен мектептерде немесе арнайы оқу орындарында арнайы нысандағы киім кию тәртібі белгіленбеуіне байланысты заңды түсіндіру мүмкіндігі жоқ екенін назарыңызға беремін.
Бұл ретте, өтінішіңізді мәселе бойынша уәкілетті органдарға, яғни Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне және Қазақстан Республикасының Діни істер агенттігіне жүгіне алатыныңызды хабарлаймыз.
ДІН ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ЖАУАБЫ
ҚР Конституциясына сәйкес Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады. Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі де зайырлы сипатқа ие.
2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында (бұдан әрі – Заң) білім беру ұйымдарында хиджаб кию мәселесі тікелей қарастырылмаған. Дегенмен Заңның 3-бабының 4-тармағына сәйкес діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.
ҚР Білім туралы заңының 3-бабының 1-тармақ, 4-тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады.
Осыған орай, жалпыға бірдей және міндетті орта білім беретін мектептердің үлгілік жарғысында: «Мектеп зайырлы және діни білімнің бөлінгендігі жөніндегі қағиданы сақтауға міндетті. Мектепте кез келген нысандағы діни тәрбие беруге жол берілмейді» деп көрсетілген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық мектептерде мектеп формасын сақтау қадағаланады. Мектеп формасының үлгісін әр мектептің әкімшілігі Жарғы талаптары мен ішкі тәртіпке сәйкес айқындап, белгілейді.
Келтірілген мәліметтерге сәйкес Қазақстан Республикасы аумағындағы жалпыға бірдей және міндетті орта білім беретін мектептерде хиджаб кию мәселесі ҚР заңнамалық нормаларымен үйлеспейтіндігін хабарлаймыз.
Ақпанның 3-і күні жарияланған «Ауыл мектебіндегі «хиджаб дауы» атты мақалада баяндалған оқиғаға орай бас прокуратура мен дін істері агенттігінен келген хатты өзгертпей жариялап отырмыз.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
Егемендік эйфориясы. Назарбаевты қолдаған журналистер құрылтайы