Accessibility links

Бейрутте "Хезболла" тобының баспасөз хатшысы қаза тапты


Бейрут орталығына Израиль күштері жасаған шабуылдыі салдары, 17 қараша, 2024 жыл.
Бейрут орталығына Израиль күштері жасаған шабуылдыі салдары, 17 қараша, 2024 жыл.

Ливанның "Хезболла" радикал тобында бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысқа жауапты Мұхаммед Афиф Израиль армиясының Бейрут қаласына жасаған шабуылынан қаза тапты. Бұл туралы Ливанның Al-Mayadeen арнасы хабарлады.

Reuters агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, шабуыл "Хезболланың" штаб-пәтері орналасқан Дахия ауданының маңына емес, Ливан астанасының орталығындағы Рас-әл-Наба ауданына жасалған деп хабарлады. АҚШ пен Израиль "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған.

Ливан арнайы қызметінің дереккөздері Reuters агенттігіне Израиль "Хезболлаға" қарсы шабуылдың бір бөлігі ретінде Ливан аумағын атқылай бастағаннан кейін Дахиядағы көптеген тұрғын Рас-әл-Набаға көшкен деп айтқан. Агенттік сұхбаттасқан адамдар Израильден шабуыл туралы ескерту келген жоқ деп мәлімдеді.

Reuters Израиль "Хезболланың" нақты әскери рөл атқармайтын жоғары лауазымды тұлғаларына сирек шабуыл жасайды деп жазды. Израиль күштері Бейрут орталығына да сирек шабуылдайды делінген хабарламада.

Мұхаммед Афиф "Хезболлаға" 30 жылдан астам уақыт жетекшілік еткен Хасан Насралланың баспасөз бойынша кеңесшісі болған. Насралла 27 қазанда Израильдің Дахиядағы "Хезболла" кеңсесіне жасаған шабуылынан қаза тапқан.

  • Былтыр қазанда Газаны бақылайтын ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан басып кіріп, мыңнан астам адамды өлтіріп, 200-ден астамын өздерімен бірге Газаға күштеп алып кеткен. Бұған жауап ретінде Израиль Палестинаның Газа аймағында арнайы операция бастаған. ХАМАС-ты АҚШ пен Еуропа Одағы террористік ұйым деп таныған.
  • Ливанда орналасқан "Хезболла" радикал тобы ХАМАС тобын қолдап, Израильге шабуылын күшейткен. Бұған қарымта ретінде Израиль Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы әскери операция бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG