Қарағанды облысы Саран қаласында 10 жылдан астам уақыт бойы салынған жаңа орталық қазандықтағы техникалық мәселелерге байланысты 85 үй жылусыз қалды. Осыған байланысты қаладағы үйлерге бұрынғы, яғни жергілікті қазандықтардан жылу беріле бастаған. Саран әкімдігі жылу беру мәселесі бүгін, 14 қазанда шешіледі деп уәде еткен. Қала әкімі Еркін Баулықов 14 қазанға қараған түні 83 үйге жылу берілді деді.
Әкімдік орталық жылу көзіне қосылған үйлердің электр қуатына төленетін ақысы қайта есептеледі деп хабарлады. Әкімнің сөзінше, қазір орталық қазандық жұмысы реттеліп жатыр.
Баулықов жылыту маусымы басталғалы бері Саран қаласында сегіз қазандық іске қосылғанын хабарлады, олар қаладағы 95 үйге, соның ішінде әлеуметтік нысандардың бәріне жылу беруі керек.
13 қазанда Саран қаласында жұрт жылусыз отырғаны туралы хабар тарады. Тұрғындар үйіндегі жылу жүйесі батареялары салқын екенін, жаурап жатқанын әлеуметтік желіде жазды. Әкім Еркін Баулықов жылу жоғын растап, қаланың жылу жүйесі "жаңартылғанын", орталық жүйелер арқылы "жылу бере бастағанын" айтты. Әкім қолайсыздық үшін халықтан кешірім сұрады.
10 жылдан астам уақыт бойы салынған Саран қаласындағы орталық қазандық құрылысы биыл аяқталған. Ресми ақпаратқа сәйкес, ол қаланың шамамен 80 пайызын жылумен қамтамасыз етуге тиіс.
Қазақстанда жылу орталықтарында апат жиі болады, салдарынан тұрғын халық жылусыз қалады. Былтыр энергетика министрлігі 2023 жылы жылу-энергетика нысандарын жөндеуге 146 миллиард теңге бөлінді, жылу беру маусымына дайындық жоғары деңгейде болды деп мәлімдеген. Алайда биыл қыста да бірқатар өңірде қатты аяз кезінде жылу орталықтарында апат болып, жылу жүйесі мен электр станциялары істен шыққан.
Былтыр қараша айының аяғында Екібастұз жылу электр станциясында ірі апат болып, содан кейін елде жылу желілері әбден тозғаны және инфрақұрылымдарды жаңалау үшін тарифтерді көтеру қажеттігі айтылған. Үкімет 2022 жылы желтоқсанда елдегі барлық 37 ЖЭС-тің 19-ы тозудың "қызыл" деңгейінде, 11-і "сары" деңгейде деп мәлімдеген еді. Тек жеті орталық "жасыл" аймақта қалды.
ПІКІРЛЕР