Accessibility links

Алматы соты саха белсендісі Айхал Аммосовты бір жылға қамады


 Саха белсендісі Айхал Аммосов Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы пикетте тұр. Якутск, Ресей.
Саха белсендісі Айхал Аммосов Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы пикетте тұр. Якутск, Ресей.

Қазақстанда саха белсендісі, музыкант Айхал Аммосов (Игорь Иванов) 12 айға қамауға алынды. Бұған дейін Алматының тергеу соты белсендіні 40 күнге қамау туралы шешім шығарған. Бұл жөнінде адвокат Мурад Адам Facebook-тегі парақшасына пост жариялады.

Қарашаның басында Қазақстан билігі Аммосовқа "пана іздеуші тұлға" куәлігін берген. Белсендінің босқын мәртебесін сұраған өтініші қарастырылғанға дейін оны Ресейге экстрадициялау мәселесі кейінге шегеріледі.

Ресейде Айхал Аммосовтың үстінен екі қылмыстық іс қозғалған. "Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша іс қозғалғаны былтыр белгілі болған. Биыл қазанда оның үстінен "терроризмді ақтау" бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабар тарады. Бірақ қылмыстық іске нақты не себеп болғаны белгісіз. Бұл қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде белсендіні ресми орындардан ешкім хабардар етпеген.

Айхал Аммосов (Игорь Иванов) — Ресей құрамындағы Саха республикасының тәуелсіздігін мұрат еткен қозғалыстың белсендісі. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанын айыптаған.

Ресей билігі наразылық акцияларынан кейін Аммосовқа граффити, плакат пен пикет үшін "армия беделіне нұқсан келтірді" деген әкімшілік хаттама толтырып, үш рет айыппұл салған. 2022 жылдың тамызында осы бап бойынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осыдан соң Аммосов Қазақстанға көшіп келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG