"Украина Ресейді АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат алды". Америкалық БАҚ Ақ үй шешім қабылдады деді

Президент Джо Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын Америка қаруымен атқылауға рұқсат берді. Бұл туралы 17 қараша күні The New York Times газеті, Associated Press және Reuters ақпарат агенттіктері өз дереккөздеріне сүйеніп хабарлады. New York Times әзірге Ресейдің Курск облысын ракетамен атуға рұқсат берілгенін жазды.

Ақ үй әлі бұл туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Расталған жағдайда, бұл АҚШ-тың Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украинаны қолдау саясатындағы елеулі өзгеріс болмақ.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, Киев АҚШ қаруымен мұндай шабуылда алдағы санаулы күнде жасамақ. Агенттіктің ақпарат көзі бұдан өзге мағлұмат бермеді.

Reuters хабарына қарағанда, Украина АҚШ-тың 300 шақырымға дейінгі қашықтағы нысанаға жететін ATACMS зымырандарын қолданатын көрінеді. Ақпарат агенттігі мұны үш дереккөзіне сүйеніп хабарлап отыр.

20 қаңтарда президент лауазымын атқару мерзімі аяқталатын Джо Байденнің әкімшілігі АҚШ-тың Украинаға көмегін арттыру жолдарын қарастырып келген.

The New York Times дереккөздерінің сөзінше, Украинаға алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға рұқсат беру Ресейдің Солтүстік Корея әскерін соғысқа тарту туралы "тосын шешіміне" жауап ретінде қабылданған.

Батыс басылымдары сұхбаттасқан адамдар Вашингтонның шешімі Украинадағы соғыс барысын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бермейді деп есептейді. Кейбір шенеунік бұл қадам Ресейді АҚШ пен одақтастарына қарсы соққы беруге итермелеуі мүмкін деп алаңдайды. Өзгелері мұндай қорқынышты "асыра сілтеу" деп санайды.

Пентагондағы кейбір әскери шенеунік Байденнің шешіміне қарсы болып, АҚШ армиясында алысқа ұшатын ATACMS ракетасының қоры шектеулі деп түсіндірген деп жазды The New York Times.

Францияның Le Figaro газеті 17 қарашада өз дереккөздеріне сүйеніп, "Франция мен Ұлыбритания да Украинаға SCALP/Storm Shadow зымырандарымен Ресей аумағына шабуыл жасауға рұқсат берді" деп хабарлаған. Бірақ ертесіне газет сайтынан ол ақпарат алынып тасталды. Le Figaro материалында АҚШ президенті Джо Байден Киевке ATACMS зымыранын қолдануға рұқсат берді деген ақпарат қана қалды.

Вашингтон, Париж және Лондон "Ресей аумағындағы нысаналарды атқылау" жайлы ақпаратты әзірге ресми растаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Стармер мен Макрон Ресей аумағына соққы беру бойынша АҚШ ұстанымын өзгерткісі келеді

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні кешке видеоүндеуінде БАҚ-та шыққан жаңалыққа пікір білдіріп, "шабуылды сөзбен жасамайды, мұндай нәрселерді жария етпейді" деп мәлімдеді. "Зымырандар өзін әлі көрсетеді. Міндетті түрде!", – деді Зеленский.

Бұған дейін Украина президентінің "жеңіс жоспарында" америкалық ATACMS және британдық-француздық Storm Shadow зымырандарын пайдалануға рұқсат алу бар екені айтылған еді.

Ресей президенті Владимир Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей араласуға бел буғанын білдіреді" деп мәлімдеп, "Мәскеуге төнген қауіпке қарай шара қолданатын болады" деген. Жақында Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Батыс елдерінің қаруы майдан динамикасын өзгертпейді деп мәлімдеді.

Осы айда АҚШ-тың 47-президенті болып сайланған Дональд Трамп Байденді Украинаға көрсеткен қолдауы үшін айыптап, сайлауалды науқан кезінде егер өзі президент болып сайланса, Украинадағы соғысты дереу аяқтаймын мәлімдеген. Бірақ ол айтқан шарттар Украина үшін өте қолайсыз болған.

Associated Press дереккөздерінің айтуынша, Байден бұл шешімді Солтүстік Кореяның Ресейге әскер жіберуіне қарымта ретінде қабылдаған. Түрлі көздердің хабарлауынша, Солтүстік Кореяның мыңдаған сарбазы орыс әскеріне Ресейдің Курск облысын украин күштерінен азат етуге көмектесуге барған.

2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кірген Ресей бұл елді түрлі ракетасымен атқылап, әскери нысандармен бірге азаматтық инфрақұрылым мен тұрғын үйлері қатар қиратып, салдарынан бейбіт адамдар қаза тапқан.

17 қараша күні Украинаның энергетика жөніндегі құзырлы органы Ресейдің жойқын әуе шабуылынан кейін 18 қарашада ел аумағында электр энергиясын тұтынуда шектеулер болатынын хабарлады. Жексенбіде Ресей күштері жасаған шабуыл – Украинаның энергетика инфрақұрылымын жоюға бағытталған ең ірі шабуылдарының бірі.

Ресейдің бұл шабуылын Еуроодақ, НАТО және Батыстағы өзге де одақтастар айыптады.

"НАТО Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды шабуылын; адамдарды өлтіріп, халықты үрейлендіріп, маңызды энергетикалық инфрақұрылымды нысанаға алатын шабуылды айыптайды, – деді ұйымның баспасөз хатшысы. – Біз Украина жағында болып қала береміз және одақтастар Украина қорғанысын үлкен күшпен қолдауды жалғастыра береді".