БАЙҚАУШЫ ЖОЛДАҒАН ВИДЕО
6 қазан, АЭС салу жөнінде референдум күні сайлау жәшігіне топтап бюллетень салып жатқан адамның видеосы Азаттықтың желідегі парақшаларына шығып, кейін жұрттың бәрі бөлісті. Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы №456 референдум учаскесінде дауыс беру процесін бақылаған Берік Әбенов видеоны сол жерде түсірдім деп Азаттыққа жолдаған.
Әбенов бұл видеоны 6 қазанда сағат 15:47-де "Ұлы көш" тәуелсіз байқаушыларының WhatsApp чатында да бөліскен. Әуелі "Ұлы көш" қоғамдық қорының жетекшісі Ақлима Пернеева "Масқара" (Ужасс) деп пікір білдірді. Әбенов оған: "Кел, акт жазамыз" деп жауап берді. Пернеева: "Болды, қазір барамыз, аурухананы бітіріп алайын" дегенімен көп өтпей бұл видео чаттан алынып тасталды.
Чаттан өшсе де видеоны басқалар желіде таратты. Мәселен, осы видео сол өңірде сайлау барысын бақылаған Құрал Сейітханұлының Facebook парақшасында әлі тұр. Ол да Әбеновке телефон шалып, видеоны әлеуметтік желіде жариялауға рұқсат алған.
Азаттыққа Берік Әбенов даулы видеоға түсіп қалған адамның аты-жөні Жанат Бердібаева деп көрсетті.
Референдум учаскесінің нөмірі, айғақ боларлық видео мен бюллетень тастады деген адамның аты-жөні аталса да, референдумның ертесіне Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Ілияс Қаланов атышулы видео референдум күні түсірілмеген, байқаушы ескі видеоны чатқа салған деді. Оның сөзінше, мұны Әбеновтің "өзі мойындаған" және "заң бұзу фактісі болды деп комиссия мен прокуратураға арыз бермеген".
Азаттық Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясы мен Түркістан облыстық прокуратурасына сауалхат жіберді. Екі мекеме де Ордабасы аудандық аумақтық референдум комиссиясының жауабына сүйеніп жауап берді. Прокуратура Әбеновтің "бейнематериал бұның алдындағы сайлау науқандарында болғанын және әлеуметтік желіге қате салынғандығын растағанын" хабарлады.
Ордабасы аудандық аумақтық референдум комиссиясы Азаттық сұрақтарына жауап беру үшін арнайы жиын өткізіп, хаттама толтырған. Онда комиссия бейнематериалды зерттегені, заң бұзу фактісі анықталмағаны айтылған.
"Бердибаева Жанат Болысбековна 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін №456 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы міндетін атқарып келеді. Жарияланған бейнематериал қай уақытта түсірілгендігін анықтау мүмкіндігі жоқ" деп жауап жазды комиссия.
Даулы видео қайда, қай уақытта түсірілгенін анықтау мақсатында Азаттық тілшісі 8 қазан күні референдум учаскесі орналасқан Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясына барды. Мектеп өкілдері Жанат Бердібаева есімді адам осы білім мекемесінде тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істейтінін айтты.
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия директоры Азаттық тілшісін кабинетіне кіргізіп, орынбасарларына Бердібаеваны шақыруды бұйырды. Директордың орынбасары әуелі "Бердібаева сабақ беру үшін оқушының үйіне кеткенін" айтып, кейін "ол телефон тұтқасын көтермей жатқанын" жеткізді. Бердібаеваның өзінен мән-жайды білмек болған Азаттық тілшісіне мектеп директоры мұғалімнің ұялы телефон нөмірін бере алмайтынын айтты. Журналист директордың кабинетінде Бердібаеваны күтіп бір сағат отырды. Бұл аралықта қоңырау соғылып, оқушылар бір сабақтан екінші сабаққа кіріп жатты. Директор мен оның орынбасары кабинеттен бірнеше рет шығып кетіп, қайта келгенде Бердібаеваға хабарласа алмағанын айтумен болды.
№456 референдум учаскесі орналасқан гимназия дәлізін фотоға түсіріп алған журналистің әрекетін гимназия директоры жақтырмай, суретке түсірмеуді сұрады. Бірақ неге екенін түсіндірмеді.
ДАУЛЫ ВИДЕОҒА ФАКТЧЕК
Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия қызметкерлерінің сөзінше, 6 қазанда №456 учаскелік референдум комиссиясы мектеп дәлізінде отырған, тұрғындар сол жерде дауыс берген. Даулы видеодағы көрініс пен дәл осы мектеп дәлізін салыстырдық.
Видео мен мектеп дәлізіндегі мемлекеттік рәміздер: мемлекеттік ту, елтаңба мен әнұран мәтіні және олар орналасқан бұрыштың түсі, мемлекеттік рәміздердің оң жағындағы қабырғада қатар ілулі тұрған мектеп формасы туралы үш плакаттағы суреттер, мемлекеттік рәміздердің оң жақ бетінде тұрған гүл және сол жақ бетінде ілулі тұрған теледидар мен есік, дәліз қабырғалары, едені мен плинтусының түсіне дейін бірдей екенін байқауға болады.
Ресми органдар "бұл – ескі видео" десе, ол қашан, қайда түсірілген? Заң бұзу оқиғасы болса, ол неге тіркелмеген?
Көп фактінің ақ-қарасын айтып жүрген Factcheck.kz редакциясының тілшісі Жансерік Тілеухан "бұл видео ескі болуы мүмкін емес" деген тұжырым жасады. Оған бірнеше дәлел тапқанын айтты.
Тілеухан видеоның түпнұсқасы болмаса оның метадатасын анықтау мүмкін емес дейді. Видеоның түпнұсқасы WhatsApp мессенджері арқылы жіберілген, ондай жағдайда метадата WhatsApp-қа жүктелген уақытқа сай өзгереді деп түсіндірді ол. Даулы видеоның қашан түсірілгенін анықтау үшін 2015 жылдан бергі барлық сайлау мен референдум кезінде №456 учаскеде түсірілген бейнематериалдарға үңілген. Жалпы 2015 жылдан бері елде 8 рет дауыс беру науқаны өткен.
Журналист АЭС туралы референдумнан әлеуметтік желілерде дәл №456 учаскеге байланысты суреттер көп жүктелмесе де, Facebook-та "өз көзқарасымды білдірдім" деп басталатын ұқсас бірнеше пост тапқан. Пост авторлары "Жанторе Абылаевич" пен "Жадыра Ерсултанова" 6 қазанда №456 референдум учаскесіне барып дауыс берген және суреттерін жүктеген.
"Ондағы адамдар, гүл, сол жақтағы үстелде үлулі тұрған күртеше, тіпті партаға жабылған ақ матаның еденге жетпей қалған жері де тұп-тура видеодағы скринмен сәйкес келеді", – деді фактчек жасаумен айналысатын журналист.
Тілеухан Ордабасы ауданы әкімінің аппараты 29 қыркүйекте жариялаған семинарға дайындық материалында Жанат Бердібаеваға ұқсайтын әйелді байқаған. Оған қоса, 18 қыркүйекте Ордабасы аумақтық референдум комиссиясы № 456 референдум учаскесінде өткен семинар туралы постындағы суреттерді зерттеген. Оларда Әбенов жолдаған видеодағы элементтерге ұқсас детальдар барын анықтаған.
"2015 және 2016 жылдары №456 сайлау учаскесі мүлде болмаған. Өйткені Ордабасы ауданы әкімінің сол аумақтағы сайлау учаскелерін құру туралы 2015 жылғы 21 қазандағы №49 шешімі бойынша, сайлау учаскелері 498-нөмірден басталған. Жалпы сол кезде Темірлан ауылында 5 сайлау учаскесі болған – №518, №519, №940, №941 және №1071. Ал Ш.Уәлиханов атындағы мектеп №518 сайлау учаскесінің құрамына кірген. Құжат 2018 жылы күшін жойған", – деді Тілеухан.
Журналисттің сөзінше, Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімі Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен 2019 жылғы 9 маусымда Facebook парақшасына Қылышбай Әлия Абайқызының №456 сайлау учаскесіне барып, дауыс берген суретін жариялаған. Видеоның скриншоты мен ішкі саясат бөлімі жариялаған суреттегі детальдар бір-біріне мүлде ұқсамайды: стенд, үстелдер мен орындықтар, сайлау жәшігінің қалай жабылғаны және тағы басқа жайттардан көруге болады. Ал 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға өзгертулер енгізу туралы референдумда №456 учаске Ш.Уәлиханов мектебінде орналаспаған. Оны әкімдік сайтында дауыс беруге келген ерлі-зайыптылардың суреттерінен байқауға болады. Сондай-ақ Ордабасы ауданы ішкі саясат бөлімі Facebook парақшасына жариялаған суреттер видеодағы скринмен сәйкес келмейді.
2022 жылғы 20 қарашада болған Қазақстан республикасы президентінің кезектен тыс сайлауында №456 учаске Ш.Уәлиханов мектебінде орналасқан. Мектептің Facebook парақшасындағы 20 қарашада жариялаған суреттер мен видеоскринінен өзгешелік байқалады. Едендегі кілемнен бастап, қабырғадағы стенд, орындықтың түсі, гүлдің тұрған жері сәйкес келмейді. 2023 жылғы 19 наурызда мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлаған кезде де Facebook-та "Жанторе Абылаевич" пен "Жадыра Ерсултанова" Ш.Уәлиханов мектебінде орналасқан №456 сайлау учаскесіне қайта дауыс беруге барып, пост жариялаған. Суреттер біз тексерген видеомен сәйкес келмейді. Мысалы, 2023 жылы оң жақ қатардағы стендтер жоқ болған, Жанторе мен Жадыра екі суретте екі түрлі киім киген және ұзын гүл байқалмады.
– Әбеновтің Азаттыққа жіберген видеосы 2024 жылғы 6 қазанда түсірілген. Бұл видеоның "бұрын түсірілуі" мүмкін емес, – деген тұжырды Жансерік Тілеухан.
ҮНСІЗДІК
6 қазанда видеоны Азаттыққа жіберген Берік Әбенов кейін қоңырауға жауап бермей, үнсіз қалды. Ал "Ұлы көш" байқаушылар ұйымының жетекшісі Ақлима Пернеева "видеоға күмәні барын" айтып, одан басқа пікір бергісі келмеді.
АЭС туралы референдумға дейін, 1 қазанда Азаттық тілшісі Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке сұрақ қойып, дауыс беру күні заң талаптарын бұзуға және байқаушыларға қысым жасауға жол бермеу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын сұраған еді. Әбдіров Қазақстандағы барлық аймақты аралап, заңды қатаң сақтауды тапсырғанын айтқан. Жекелеген фактілер болса, кінәлі деп танылғандар заң алдында жауап береді деп ескерткен.
"Заң бұзғандарды қорғап қалмаймыз", – деген Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Тәуелсіз байқаушыларды басқарған Бесжан Төлеубекұлы Қазақстанда ешбір сайлау әділ өткен емес, азаматтардың берген дауысы бұрмаланбауы үшін комиссия құрамын қайта жасақтау керек деп есептейді.
"Қазақстанда әр сайлауда заң бұзу оқиғалары болады және оны комиссия мүшелері жасайды. Олар кімдер? Мұғалімдер, мектеп директорлары", – деді Бесжан.
Қазақстан заңында сайлау құжаттарын бұрмалаған адамды қылмыстық жауапқа тартып, 3 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау. 19 наурыз, 2023 жыл
Your browser doesn’t support HTML5
2022 жылы мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Қылмыстық кодекске сайлау жәшігіне топтап бюллетень салғаны үшін бөлек жаза қарастыруды ұсынған. "Заңда "Сайлау және референдум құжаттарын бұрмалау, дауысты қате санау" ғана қылмысқа жатады, ал бюллетень тастау жиі кездеседі, бұған жазаны қатайту керек", – деген депутат.
Прокуратура депутаттың бұл айтқанына байланысты: "2020 жылдан бері мұндай жағдайлар тұрақты түрде азайып келеді. 2020 жылы 11 жағдай, 2021 жылы – 10, ал 2022 жылы 4 іс қана тіркелген. Бұл сайлау процесінің барлық қатысушыларының құқықтық мәдениеті арып келе жатқанының белгісі", – деп деректер келтірген.