Қайырымдылықты реттеу. Алаяқтықпен күрес пе, саланы бақылау ма?

Семей өңіріндегі орман өртінен зардап шеккендерге қайырымдылық көмек жинап жатқан еріктілер. Алматы, 13 маусым, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстан билігі жылу жинау туралы заңға өзгеріс енгізуді және осы саланы реттейтін бірнеше кодексті жаңа ережемен толықтыруды көздеп отыр. Мысалы, қайырымдылық қорларын міндетті аккредиттеу, төтенше жағдай кезінде кімнің жылу жинайтынын анықтауды әкімдікке тапсырып, өз бетінше жылу жинаған жеке тұлғаға айыпұл салу сияқты өзгертулер қарастырылған. Құжат ашық жария етілмегендіктен қоғам өкілдері алаңдап отыр.

"Қайырымдылық туралы заңға енгізілмек өзгерістер мен толықтырулар" жобасы ашық дерек көздерінде жоқ. Бұл сала бойынша жауапты мемлекеттік орган – мәдениет және ақпарат министрлігіне жобаның толық мәтінін сұрап хат жолдадық. Министрлік жобаны көрсетпей, "қайырымдылық саласын жетілдіру мақсатында елдегі қайырымдылықты ынталандыруға және дамытуға бағытталған ұсыныстар мен жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша жұмыс тобын құрғанын" хабарлаумен шектелді.

Қазір жұмыс тобы "ұсынылған тәсілдер мен ұсыныстар талқыланып, алдағы уақытта жария талқыға шығады" деп жазылған жауапта.

Дегенмен Азаттық тілшісіне жұмыс тобы қарап жатқан өзгерістер мен толықтыруларды оқып-танысудың сәті түсті.

ЖЫЛУ ЖИНАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Қазақстандық "НеМолчиKZ" қоғамдық қоры зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел мен баланың құқығын қорғаумен сегіз жылдан бері айналысып келеді. Қор халықтан жылу жинап жұмыс істейді. Мысалы, Қызылордадағы жыныстық құлдықта болған қыздың отбасына, қор еріктілері мен олардың жұмысына, қор қызметкерлерінің айлығына жұмсалған қаржы солай жиналған.

"Не молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова

– Сегіз жылда біздің банк картамызға 162 миллион теңге түсті. Дәлірек айтқанда 2019-2024 жылдар аралығында, өйткені 2019 жылға дейін қор жұмысына деп жұрттан донат сұрай алмадық, шұғыл іссапар және басқа нәрселерге ақша қажет болғанда достарымыз көмектесіп келді. Бірақ 8 жылда адамдардың санасына қозғау салып, 300-ден аса зорлықшы мен педофилді жауапқа тартқан еңбегімізді ақшаға бұлдаған емеспіз. Алайда Қазақстанның "бас алаяқтары" біз екенбіз. Мәдениет және ақпарат министрлігі жұмыс тобын құрып, қайырымдылық жөніндегі заңды талқылап жатыр, – деді "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смайылова.

Смайылова талқыланып жатқан құжат Конституцияда жазылған жеке меншік пен оны пайдалану еркіндігі құқығына қайшы деп біледі.

Әскерде азаматтық борышын өтеп жүргенде жұмбақ жағдайда басынан қатты жараланып, комаға түскен Ербаян Мұхтардың ем-домына халық 140 млн теңге жылу жинап берген. Ұлының аяқтан тік тұрып кетуіне барын салып жүрген әке-шешесі осы қаржыға Ербаянды Түркияға емдетуге алып кетті.

Биыл елдің батыс өңірлерінде болған жойқын су тасқынынан зардап шеккен адамдарға қол ұшын беріп, қаржылай көмек жібергендер аз болмады. Ел басына ауыртпалық түскенде жылуды кішігірім қайырымдылық қорлары да, жекелеген адамдар да жинаған.

Ал болашақта мұндай іс-әрекет заңсыз деп бағаланып, айыппұл салуға ілік болуы мүмкін. Өйткені "алаяқтықпен күресуді" алға тартқан өкімет бұл саланы бақылауға алып, заңға тиісті түзетулер енгізуді көздеп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерге су басқан аймақтарды "бекітті". Бұл нені білдіреді?

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ТҮЗЕТУЛЕР

Қазақстанда "Қайырымдылық туралы" заң 2015 жылы қабылданып, кейінірек бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ал бұл жолғы өзгеріске халықаралық Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу ұйымының (FATF, Financial Action Task Force) ұсынысы негіз болып отыр.

Еларалық ұйымның Еуразиялық тобына (ЕАТ) кіретін Қазақстан сақтауға тиіс стандарттардың бірі коммерциялық емес ұйымдарға қатысты. Құжатта, әдетте игі мақсатқа жылу жинап, әлсіз топтарға көмектесетін, осы ісімен қоғам құрметіне ие болған коммерциялық емес ұйымдар терроризмді қаржыландыру көзіне айналып кетпеуін қадағалау керегі жазылған.

Осы мақсатта, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бастап, Қазақстандағы қайырымдылық саласына жауапты мемлекеттік орган – мәдениет және ақпарат министрлігі қостап, бірқатар заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмекші.

Мысалы, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің "Қоғамдық бiрлестiктердiң, қайырымдылық ұйымдарының заңды қызметiне кедергi келтіру" деген 77-бабына қосымша ретінде, 77-1 бабын қосып, "өзгеге көмектесу мақсатында жеке банк шотын көрсетіп, ақша жинаған адамға 80 АЕК көлеміне, яғни 300 мың теңгеге (шамамен 600 доллар) жуық мөлшерде айыппұл салу көзделген. Бір қызығы, жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қалу мақсатына жылу жинауға рұқсат беріледі.

Жобада мәдениет және ақпарат министрлігі мұны "алаяқтық операцияларды азайту мақсатында жасалып отыр" деп түсіндірген.

Ал Азаттық сауалына берген жауабында министрлік "жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық қаражатын жинау жүзеге асыруды шектеу мәселесі қарастырылмайтынын" жазған.

Ресей басқыншылық соғысын ашқан Украинаға жәрдем жинап жатқан еріктілер. Алматы, 28 ақпан, 2022 жыл.

Екіншісі, "Азаматтық қорғау туралы" заңның "Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың азаматтық қорғау саласындағы құзыреті" деген 15-бапқа енгізуге ұсынылған қосымшада "кез келген әкiмшiлiк аумақта туындаған табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде қайырымдылық жинауды жүзеге асыратын қайырымдылық ұйымын анықтау – жергілікті атқарушы органға жүктелетіні" жазылған. Сарапшылар тіркелген ұйымдардың жергілікті әкімдіктен тағы рұқсат күтуі, жедел көмек көрсетуге кесірін тигізеді деп есетейді.

Министрлік құжатта мұны қайырымдылық қаражатын жинау жөніндегі бірыңғай оператордың болғаны жөн деп түсіндірген.

МІНДЕТТІ ТІРКЕУ

Жұмыс тобы қарап жатқан құжат Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің "Қайырымдылықты жүзеге асыру кезіндегі қаржы-шаруашылық қызмет және бухгалтерлік есептілік" атты 11-бабына "қайырымдылық ұйымы – қайырымдылықты жүзеге асыру үшін құрылған және осы заңға, Қазақстан заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес уәкілетті органнан аккредиттелген коммерциялық емес ұйым" деген толықтыру енгізуді ұсынады.

Яғни, тіркелу міндетті, тиісінше құжатта тіркелу куәлігі, қайырымдылық еріктілері, жеке тұлғалар туралы ақпаратты қамтитын бірыңғай цифрлық платформа, қайырымдылық қорына тиесілі қаржы жинайтын жәшік, қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметпен қоса "қайырымдылық көрсетуші жеке тұлға" деген ұғымдар да пайда болды.

Министрлік аккредиттеу механизмін енгізу – олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, алаяқтық немесе түскен қаржыны басқа мақсаттарға пайдалануға жол бермейді деп есептейді.

Алайда, халықаралық стандарттарға сүйенген сарапшы, көп жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келе жатқан Светлана Ушакова ең жақсы тәжірибе – аккредиттеуді ерікті ету деп біледі. Ал рұқсат ету сипатындағы бұл процедура билікке сын айтқан ұйымдарды тіркемей, олардың жабылуына әкеп соғуы мүмкін деп ескертті ол.

– Мұндай шара қайырымдылық ұйымдарының кемуіне, тиісінше қайырымдылыққа жиналатын қаржының да азаюына әсер етуі мүмкін деген ойдамын. Яғни біз Қазақстанда қайырымдылық ұйымдарының дамуына қолайсыз жағдай жасағалы отырмыз, – деді "ИНМИР" қоғамдық қорының жетекшісі Светлана Ушакова.

Еріктілер халықтан жиналған ақшаға сатып алынған көмірді мұқтаж отбасыларға жөнелтіп жатыр. Шымкент, 31 қаңтар, 2016 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Онсыз да әділет министрлігінен рұқсат алып, тіркелген ұйымдардың қайта аккредитациядан өтуі қисынсыз деп санайды "НеМолчиKZ" қоры жетекшілерінің бірі Алмат Мұхаметжанов.

Төртіншіден, қайырымдылық саласына жауапты орган – мәдениет және ақпарат минитстрлігі қайырымдылық қорын тіркеу ережесін бекітіп, олардың тізімін жасамақ, өздері жасақтаған арнайы комиссия қорларға аккредитация бермек. Арнайы комиссияның да жұмыс ережесін министрлік бекітеді.

Сарапшылар мұны толықтай бақылау десе, құжат авторлары рұқсат алу жүйесі енгізілгендіктен, оны осы саланың өкілетті органы реттеуі – заңды деген уәж келтірді.

Бұдан бөлек, "Жеке тұлғаның филантропиялық қызметі" деген 23-бапқа қайырымдылық мақсатында қаржы жинағысы келген жеке тұлға бір күн бұрын өкілетті органға өзіне қанша қаражат және не үшін керегін көрсетіп, ақша жинау мерзімі үш айдан аспайтынын ескертуге тиіс деген өзгерту енгізу ұсынылып отыр. Қажет көлемде ақша жиналғаннан кейін жеке тұлға интернет я БАҚ арқылы қаржы жинау тоқтатылғаны туралы хабарлауы керек.

– Олар мұны қалай ұйымдастырмақ? Жылу жинауды қалайша бірден тоқтатуға болады, шоттарды бірден жауып тастау керек пе? Ақша әлі де түсе берсе ше? Мемлекеттік орган мұны қалай бақыламақ? Жарайды, жылу жинау тоқтады деп мен ақпарат тараттым делік, оны көрмеген біреу ақша жіберсе ше, сонда оның жіберген артық ақшасы мақсатсыз жұмсалған қаржы болып санала ма? – деген сауал қойды "ИНМИР" қоғамдық қорының жетекшісі Светлана Ушакова.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ ЖАМЫЛҒАН АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС

Мәдениет және ақпарат министрлігі "қайырымдылықты ынталандыруға және дамытуға бағытталған ұсыныстар мен жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылғанын" растады. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және қайырымдылық ұйымдарының өкілдері кірген.

Министрлік заңдарға енгізуге ұсынылып отырған жаңа өзгертулер қайырымдылық қаражатын жинаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және қайырымдылық ұйымдарының қызметіне деген сенім деңгейін арттыруға бағытталған деп түсіндірген.

"Бұл ретте, жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық қаражатын жинауды жүзеге асыруды шектеу мәселесі қарастырылмайтынын атап өткен жөн" деп жазған министрлік Азаттық сауалына берген жауабында. Жұмыс тобы әзірлеген құжат алдағы уақытта жария талқылауға ұсынылмақ. Әлі жарияланбаған құжатқа байланысты қоғамдық ұйымдар мен белсенділер түрлі сұрақ қойып, алаңдап отырғанын айтып жатқан шақта Қазақстандағы жұртқа танымал қайырымдылық ұйымдарының қаржысына қатысты дау шықты.

Қайырымдылық концертіне келген жұрт ортадағы жәшікке ақша салып жатыр. Алматы, 25 желтоқсан, 2012 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда қайырымдылық іс-шараларға халықтан ақша жинаумен айналысып келген "ASAR UME" қоры мен "BizBirgemiz Qazaqstan" еріктілер қорына жұрт назары ауды.

2019 жылы құрылып, елдегі жағдайы төмен отбасыларға баспана алып берумен айналысатын "ASAR UME" қорына жұрттан түскен қаржы мақсатсыз жұмсалыпты, қор басшыларына жоғары жалақы қойылыпты деген гу-гу әңгіме әлеуметтік желіде лезде тарап, сыни пікір көбейген. Қор жетекшісі Асхат Нұрмашев ұйым жұмысы жайлы есеп әлеуметтік желідегі парақшаларында ашық жарияланатынын, айлықтар барлық келіп түскен қаражаттың 4 пайызына, ал қор шығыны – 6 пайыздан астамына тең екенін айтып түсініктеме берді. Қор халықтан түскен ақшаға Қазақстанда 1095 отбасыға баспана алып бергенін хабарлады. Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) жергілікті ақпарат құралдарының біріне 2019 жылы құрылған қорға қатысты әзірге тексеру жүргізіліп жатпағанын айтқан.

2021 жылы маусымда жалпыұлттық еріктілер қозғалысы ретінде құрылған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының құрамында 15 мың ерікті бар. Қор жетекшісі Перизат Қайраттың халықтан жылу ретінде жиналған көп ақшаны жымқырған деген күдікке ілініпті деген хабар да өткен аптада жұрт арасында лезде тарап, қоғам назарын аударды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қайырымды ма, алаяқ па? Перизат Қайраттың ісі. – AzatNEWS | 15.11.2024

Аптаның аяғына таман ҚМА Перизат Қайрат көмек ретінде жиналған 200 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғанын хабарлады. 16 қарашада Астананың тергеу соты Перизат Қайрат екі айға қамауға алынсын деп пәрмен берді.

"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. "Sensata Plaza" элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге "Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic" жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ-де "Rolex", "Prada" және "Fendi" брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды" деді Қаржы мониторингі агенттігі.

Перизат Қайрат биыл сәуірде Қазақстанның бірнеше өңірін тасқын алған кезде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, зардап шеккендерге көмек негізінен мемлекеттен емес, халықтан түсіп жатқанын мәлімдеген. Көп ұзамай оның Instagram-дағы парағынан жазбасы өшірілді. Ras aitamyn телеграм-арнасында скрині сақталып қалған ол жазбада үкіметпен бірге президентке де сын айтылған. Жазба өшірілгеннен кейін Перизат Қайрат жаңа пост жазып, кешірім сұрап, көпшілікті президент төңірегінде бірігуге шақырған.

Арыстағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккендерге жұртшылықтан жиналған көмекті жөнелтуге дайындап жатқан еріктілер. Қарағанды, 25 маусым, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Biz Birgemiz Qazaqstan қоры жетекшісінің қамауға алынуына байланысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Перизат Қайраттың туыстары мен жақындары да ешқандай мәлімдеме жасамады.

"НеМолчиKZ" қорының басшылары маңызды өзгерістер талқыланып жатқанда осындай ақпараттардың тарауы жалпы қайырымдылыққа деген жұрт сеніміне селкеу түсіреді деп отыр.

– Егер жұрт ақша жинағысы келсе, қолынан қағу дұрыс болмайды, өйткені бұл оның хақы. Егер біреу-міреу ем алуға, адвокаттарға я біз секілді заңгерлерге мұқтаж болып, қаржы жинаса, бұл да солардың хақы. Ал ол іс-әрекет дұрыс я бұрыс па, алаяқтық па, жоқ па деген мәселені бақылайтын ішкі істер министрлігі, бас прокуратура, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, антикор сияқты арнайы құзырет берілген органдар бар. Бұл мәселемен солар айналысқаны жөн, – деді "НеМолчиKZ" ұйымы жетекшілерінің бірі Алмат Мұхаметжанов.

Алаяқтармен жекелеген министрлік емес, құқық қорғау органдары күресу керек деген пікірге "ИНМИР" қоғамдық қорының жетекшісі Светлана Ушакова да қосылды.

– Алаяқтармен қалай күрсуге болады? Біріншіден, оның қылмыс екенін мойындап, құқық қорғау органдары тергеп, қылмысын дәлелдеп, сотқа беру керек болады. Ал екіншіден, қоғам алаяқтардың барын түсініп, оларды ажырата білуі керек, және де мемлекет "қаржы жымқыратын алаяқтар схемасынан сақ болыңыз" деп ақпарат беру арқылы жұртқа көмектесуі керек. Сол сияқты қайырымдылық көмек көрсеткісі келетіндерге "Жылу бергіңіз келсе мынадай ортақ реестерде, белгілі бір мемлекеттік орган тексерген қайырымдылық қорлары бар, ақша аудармас бұрын оларға мынадай жолмен байланысып, тексеріп, анықтап алыңыз" деп ескерте алар еді. Мен қазір әсірелеп айтып тұрған шығармын, бірақ оның мәні осындай - тыйым салмай, шектемей, ақпарат беру, – деді Светлана Ушакова.

Мәдениет және ақпарат министерстрілігінің дерегінше, қазір Қазақстанда 1371 қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды?