Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуіне өту дұрыс шешім болды деді

Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуіне өту туралы шешімді қолдайды. 19 қарашада үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ел аумағының көп бөлігі UTC+5 белдеуінде орналасқан деп мәлімдеді.

"Бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Бұл – ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын, – деді Бектенов.

Биыл қаңтарда үкімет "Уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулыға өзгеріс енгізіп, Қазақстанды UTC+5 белдеуіне көшіру туралы шешім қабылдаған. Үкімет отырысында сөйлеген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл шешім қабылданатын кезде Қостанай мен Қызылорда облыстары азаматтарының бірнеше жыл бойы осы мәселені көтерген көптеген өтініші ескерілді деді. Шаққалиевтің сөзінше, шешім қабылдайтын кезде арнайы құрылған жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми дәлелдер пайдаланылған.

Your browser doesn’t support HTML5

Бірыңғай уақыт белдеуі мен жарықтандыру мәселесі “адам өміріне қауіп төндіре бастады”

Министр UTC+5 белдеуі Қазақстан үшін жаңалық я тәжірибе емес, бұрынғы уақытқа оралуға тарихи негізделген шешім деп мәлімдеді.

– Қазақстандағы уақытты есептеу жүйесінің қалыптасу тарихына сәйкес, алдыңғы UTC+6 уақыт белдеуі алғаш рет 1930-1931 жылдары декреттік уақытты ("уақыт белдеуі+бір сағат") пайдаланғанда енгізілген. Сол уақытта елдің көп бөлігі UTC+5 белдеуінде орналасқан еді, – деді ол.

Шаққалиев бұл мәселеде арнайы білімі мен құзыреті жоқ адамдар әлеуметтік желілерде жағымсыз пікір білдіріп, өзіне қолайлы жағдай жасауға тырысып жатыр деді. Министрдің сөзінше, олар мұның "экономика мен азаматтардың денсаулығына теріс салдарын түсінбей, жаңсақ пікір қалыптастырып" отыр.

Шаққалиев сағат белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешімді ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды деп есептейді.

Tengrinews.kz сайтының жазуынша, Өскемен қаласында тұратын Серікжан Ахметжанов уақытты өзгерту туралы шешімді заңсыз деп тануды талап етіп, Қазақстан үкіметінің үстінен Астананың азаматтық істер жөніндегі сотына шағым түсірген. Ол Қазақстанды бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы шешім қабылданғанда халықтың пікірі ескерілген жоқ деп айтқан.

Қазақстан биыл 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен. Үкімет бұл шешім "өңірлер арасындағы уақыт кедергісі жойылып, көлік коммуникациясы жақсаруына, бизнес пен мемлекеттік органдар өзара шұғыл іс-қимыл жасасуына оң әсер етеді" деп түсіндірген.

Бірақ биыл мамырда бұл шешімге наразылар уақытты бұрынғы белдеуге қайтару туралы петиция жариялады. Тамызда сауда министрлігі "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петицияны қабылдамады. Министрлік сағатты артқа жылжыту шешімі денсаулыққа кері әсер етті әрі электр энергиясын бұрынғыдан көп тұтынуға алып келді деген тұжырымдар еш дәлелсіз айтылған деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция: министрлік талаптарды қабылдамады